Пятница, 29.11.2024, 05:53
Приветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Мои статьи

СЕМЕЙДЕГІ АЛҒАШҚЫ ӘЙЕЛ МҰҒАЛІМДЕР
ХХ ғасыр басында Семейде халық ағарту аласында мынадай жағдайлар қалыптасқанын айтуға болады. Біріншіден, патша үкіметі кезінде барша бұратана халықты мәдени-рухани құлдыққа түсірген отаршылдық қанаушылық саясаты жүргізіліп отырды. Патша шенеуніктері қазақ сахарасында ұлттық мектептерді ашуға айтарлықтай құлықты болмады. Халықты қараңғылықта ұстауды әлдеқайда тиімді деп санады. Дегенмен, ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында орыс демократтары, педагог-ағартушылары Достаевский, Долгополов, Михаэлис, Коншин, ағайынды Белослюдовтар мен қазақтың ғұлама ойшылдары Абай, Шәкәрім т.б. халыққа білім берудің маңызы ерекше екенін жақсы түсінді, халықты осы іске үндеді, соған белсене атсалысып араласты. Бұл орайда атақты орыс ғалымы Александр Алекторов пен қазақтың тұңғыш педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің де орыс-қазақ мектептерін ашуда өлшеусіз еңбек сіңіргенін атап өткен жөн. Мысалы, 1888 жылы Семейде бастауыш білім беру қоғамы құрылып, жұмыс істеді. Міне, осы қоғамға кезінде қазақтың ұлы ақыны Абай және оның балалары Ақылбай, Мағауиялар мүше болып, қаржылай көмек көрсетіп отырған. Семей қаласында алғашқы кітапхана, тарихи-өлкетану мұражайы, статистикалық комитет тәрізді тағы басқа да мәдени және ғылыми-зерттеу мекемелерінің ашылуын жоғарыда аталған тарихи тұлғалардың қызметімен тығыз байланыстыруға болады. Сол сияқты 1903 жылы Семейде тұңғыш мұғалімдер семинариясының ашылып, жемісті жұмыс істеуі Александр Алекторовтың есімімен тығыз байланысты десек еш қателеспейміз. Өз тарихының бастауын осы 1903 жылғы Семен мұғалімдер семинариясынан алатын қазіргі Әуезов атындағы педагогикалық колледж 2003 жылы құрылғанына 100 жыл толған мерейтойын атап өткен еді. Семейде XX ғасыр басында халық ағарту саласында қалыптасқан екінші бір жағдай «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі, қысқасы, Алаш зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков, Ахметжан Қозыбағаров, Халел Ғаббасов, Мұхтар Әуезов, Биахмет Сәрсенов, Жүсіпбек Аймауытов, Нәзипа және Нұрғали Құлжановтар, Мәннан Тұрғанбаев, Қаныш және Әбікей Сәтбаевтар, Сейітбаттал Мұстафин, Абзал Жиенғалиев т.б. қызметімен тікелей қатысты болып келеді. Бұл тарихи кезең негізінен 1917-1919 жылдары аралығын, сонымен қатар кенес өкіметі орнаған 1919-1930 жылдарды қамтыды.[1] Қазан төңкерісінен кейін қазактың «Алаш» деп аталатын партиясы өзінің бағдарламасында: «Халыққа ғылым, білім үйрету. Оқу орындарының есігі кімге болса да ашық һәм ақысыз болу. Бастауыш мектептерде оқуды ана тілінде оқу. Қазақ тілінде орта мектеп, университет ашу. Ұлттық мұғалімдерді даярлау және оқу құралдарын басып шығару қажет» екенін атап көрсетті. «Алаш» партиясы 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда өткен екінші жалпықазақ сиезінде қазақша оқулықтар жазу комиссиясын құрылып, оған айтулы тіл ғалымы Ахмет Байтұрсынов төрагалыққа бекіді, ал Телжан Шонанұлы, Мағжан Жұмабаев, Елдос Омаров, Биахмет Сәрсенов т.б. мүше болып енді. 1917-1919 жылдары Әлихан Бөкейханов, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсеков, Ахметжан Қозыбағаров және т.б. басшылық жасаған «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті, Семейдегі Шығыс Алашорда үкіметі, Семей облыстық және уездік Земство басқармалары ұлттық педагог кадрларды даярлау, қазақ мектептерін ашу, оқу құралдарын шығару мәселелерінде қажырлы еңбек атқарды. [2] 1918 жылы Семей мұғалімдер семинариясында оқып жүрген жас семинарист Мұхтар Әуезов тұңғыш қазақ басылымдарының бірі - «Абай» журналының № 11 санындағы мақаласында: «Ұлт мектебін ашуға қазірде біздің алдымызда қиын асудай үш кедергі тұр. Бірі: бастауыш мектептің бәріне мұғалім жоқтығы; екіншісі: оқу құралдарының жоқтығы; үшіншісі: ілгері оқитын мектептің жоқтығы һәм тез уақытта бола алмайтындығы» деп жазды.[3] Ұлттық педагог кадрлардың тапшылығы, қазақ мектептері мен қазақша оқулықтардың жоқтығы мәселелері Алашорда үкіметі құлап, кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі 1919-1920 жылдары да үлкен өзекті мәселе болып қала берді. Алайда аталмыш мәселелерді шешуде Мұхтар Әуезов, Әбікей және Қаныш Сәтбаевтар, Мәннан Тұрғанбаев, Әлімхан Ермеков, Ыдырыс Мұстамбаев, Тұрлыхан Хасенов, Сейітбаттал Мұстафин тәрізді арыстарымыз ерекше үлес қосты. Айталық, 1918-1919 оқу жылында Шығыс Қазақстан облысы (алғашқыда Семей облысы осылайша аталды) бойынша ашылған 59 бастауыш мектептің 40-ы Семей үйезінде, оның 35-і қазақ аудандарында жұмыс істей бастады. Қазақ зиялылары оқу-білімнің пайдалылығын насихаттан қана қоймай, ұйымдастырушылық, педагогикалық, шыгармашылық қызметтерде де белсенділік танытып, ұлттық мектептерді ашуда, мәденн-ағартушылық мәселелерде қыруар істер атқарды. Алаш арыстарының басшылығымен Семейде де ұлт мүддесін көздеген қыруар істер атқарылып жатты. Соның бірі – білім саласында ұлтгық мектептерді көптеп ашып, болашақ педагог мамандарды даярлап шығару, халықты жаппай сауаттандыру мәселесі болды. Мысалы, ұлттық бастауыш мектептер жүйесін құру, мұғалімдерді даярлау ісін қолға алу мақсатында Алаш зиялылары алдымен 1917 жылдың жазында Семейде мұсылман Оқытушылар ұйымын құрды. Оның төрағалығына Мәннан Тұрғанбаев, хатшылығына Мұхтар Әуезов бекіді. Енді осы қиыншылықтардың шешімін табу жолында қазақ зиялылары қандай жұмыстар атқарғанына тоқталайық. Жер-жерде ұлттық білім-тәрбие беру жұмыстары қызу қолға ала бастаған кезеңде, халық агарту жүйесін ретке келтіру мақсатында Семейдегі мұсылман Оқытушылар ұйымы ең алдымен «Бастауыш мектептердегі оқу программасын» жасап, оны қолдану үшін газет бетінде жариялап, таратады. Бірақ та ұлттық мектептер мен ондагы ұстаздардың жағдайы өте ауыр еді. 1918 жылы Семей уездік Земство басқармасының мүшесі А. Болатов пен Алаш қаласының мұгапімдері Мәннан Тұрғанбаев, Қаныш Сәтбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Ғалымжан Дәулетияров, Xайролла Ибрагимов, Дәлел Сәрсеновтардың қатысуымен өткен жиында №1 Алаш мектебіндегі бала оқытуға байланысты екі түрлі мәселе қарапыпты. Онда: «1. В V отделении №1-ого Алашского мектеба учатся только 4 человека, а преподователей всего лишь два, которым нет абсолютно никакой возможности вести занятия во всех от делениях. Находя такое явление ненормальным, Совещание постановило распустить V отделение с тем, чтобы способные ученики держапи экзамен в 1 -ом отделении Алашских национальных педагогических курсов, а менее способные были переведены в IV отделении названного мектеба; 2. Находя преподование в 4-х отделениях с 2-умя мугалимами невозможным и нецелесообразным, за отсутствием каких бы то ни было учебников постановлено назначить еще одного мугалима. Примечание: Признаю при этом, особенно затруднительном случае, когда нет никаких учебников, которые занимаются исключительно записами на доске, преподование возможным 3-х отделениях при наличности 2-ух мугалимов» деген қаулы қабылданған. Сонымен қатар Семей уездік Земство басқармасы халыққа білім беру бөлімнің Алаш қаласында арнайы бастауыш қазақ мектептері мұғалімдерін даярлайтын қысқа мерзімді курстар ашу, оган меңгерушілікке Мәннан Тұрғанбаевты, оқытушылыққа Қаныш Сәтбаев пен Сейітбаттал Мұстафинді тағайындау, келесі төртінші бір мұғалімді іздестіріп табу туралы шешімін де кездестіресіз. Атап айтқанда, Семейде жаңдан ашылған екіжылдық Алаш педагогикалық курсының меңгерушісі болып Мәннан Тұрғанбаев бекісе, Нәзипа Құлжанова, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Нығметолла Күзембаев, Ахметжан Күзембаев, Сейітбаттал Мұстафин, ерлі- зайыпты Абзал және Тәйба Жиенғалиевтар, А. Иманбековтар т.б. сабақ берген [4]. Осыған қоса Семей облыстық Земство басқармасының көмегімен ұлттық мектептердегі ұстаздарға деген зәрулікті жою мақсатыида жедел 2 айлық және 2 жылдық мұғалімдер даярлайтын курстар ашылған. Аталмыш екіжылдық педагогикалық курстың жетекшісі болып алғашқыда Биахмет Сәрсенов тағайындалған. Кейінде бұл курсқа М.Тұрғанбаев жетекшілік жасайды. Алғашқы оқытушылар - Нәзипа Құлжанова, Мәннан Тұрганбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Қаныш Сәтбаев. 1918- 1919 оқу жылында Абдолғазы Иманбеков, Ахметжан Күзембаев, Сейітбаттал Мұстафин, Жүсіпбек Аймауытов, Ныгметолла Күзембаев сабақ берген. Мысалы, осы оқу жылында аталмыш педагогикалық курста барлығы 40 оқуыш оқып, 18 оқушы бастауыш мектеп мұғалімі дегсн куәлік алып шыққан. Сонымен бірге, екіжылдық курстың жанынан қысқа мерзімді жазғы педагогикалық курстар жұмыс істеген. Негізінен 2 жылдық педкурста арифметика, геометрия, гигиена, ислам тарихы, дін ілімі, педагогика, қазақ тілі, қазақ тарихы сияқты пәндермен қатар ән-күй, гимнастика және қол еңбегі сабақтары оқытылған. 1919-1920 жылдары облыстық атқару комитетінің казак бөлімі Алаш қаласында ашылған түрлі педагогикалық курстарды қаржыландыру мәселесін тікелей өз мойнына алғанын Семей қаласындагы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығындагы (Семипалатинскии ЦДНИ) кейбір ресми құжаттардан оқып танысуға болады. Мысалы, бұл бұлім мемелекеттік мекемелердің өзі қағазға зәру болып отырған кезде ауылдың бастауыш мектептеріне 10 мың дана оқулық шығарып таратқан. 1920 жылдары Семейде 19 орыс, 11 мұсылман (қазақ және татар) мектептері жұмыс істеген. Ал Алаш қаласында таза екі қазақ және бір мұсылман мектебі, арнайы қыздар мектебі кызмет көрсеткен. Семейде 1919 жылы үзбей шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде мынадай бір хабар беріліпті. Онда: «Биыл Семейде Уезный Земствосы Алаш қаласында екеуі ерлерге, біреуі қыздарға арналған мектеп ашқан. Ұлдар мектебінде 120-дан аса баланы 4 мұғалім оқытады. Қыздар мектебінде 60-қа жақын төрт бөлім қызды екі мұғалима оқытады. Бұлар өткен жазда мұғалімдік курстан оқып шыққан мұгалімдер. Алаш қаласының халқы қыздарын мектепке беріп, оқытып, білім сәулесін танытқаны, сіңілілеріне үлгі үйретіп, білім беріп, екі мұғалима Жәмила Кәрімова, Жұмабике Ибрагимовалардың ерінбей қызмет қылып отырғаны сүйінерлік іс», - деп жазылған.[5] Бұрынғы Алаш, қазіргі Жаңасемей қаласындағы екі жылдық мұғалімдер курсында, Алаш мектептерінде Сейітбаттал Мұстафин, Абзал Жиенғалиев, Ғалиакбар Төребаев, Ахметжан Күзембаев, Таися Кошкина (академик Қаныш Сәтбаевтын зайыбы), Шақар Қокымбаев, Хайролла Ибрагимов, Кәбір Махмудов т.б. сабақ берді. Осыған қоса Семей облыстық Земство басқармасының көмегімен ұлттық мектептердегі ұстаздарға деген зәрулікті жою мақсатында жедел 2 айлық және 2 жылдық мұғалімдер даярлайтын курстар ашылған. Аталмыш екіжылдық педагогикалық курстың жетекшісі болып алғашқыда Биахмет Сәрсенов тағайындалған. Кейінде бұл курсқа М.Тұрғанбаев жетекшілік жасайды. Алғашқы оқытушылар - Нәзипа Құлжанова, Мәннан Тұрганбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Қаныш Сәтбаев. 1918- 1919 оқу жылында Абдолғазы Иманбеков, Ахметжан Күзембаев, Сейітбаттал Мұстафин, Жүсіпбек Аймауытов, Нығметолла Күзембаев сабақ берген. Мысалы, осы оқу жылында аталмыш педагогикалық курста барлығы 40 оқуыш оқып, 18 оқушы бастауыш мектеп мұғалімі дегсн куәлік алып шыққан. Сонымен бірге, екіжылдық курстың жанынан қысқа мерзімді жазғы педагогикалық курстар жұмыс істеген. Негізінен 2 жылдық педкурста арифметика, геометрия, гигиена, ислам тарихы, дін ілімі, педагогика, қазақ тілі, қазақ тарихы сияқты пәндермен қатар ән-күй, гимнастика және қол еңбегі сабақтары оқытылған. [6] Кеңес өкіметінің алғашкы жылдары, атап айтсақ, 1919 жылдын 30-шы желтоқсанда Лениннің қол қоюымен «РСФСР халықтары арасында сауатсыздыкты жою туралы» Декрет жарық көрген еді. Бұл өзі үлкен саяси әрі мәдени науқан болып өткізілді. Шын мәнінде, караңғы халықгың қолына калам ұстатып, хат таныту мәселесінде үлкен жұмыстар атқарылды. Қазақстанда, соның ішінде Семей губерниясында да «Сауатсыздық жойылсын!» деген ұрандар тасталып, ұлттык педагог кадрларды даярлау және қазақ мектептері санын көбейту шаралары қызу қолға алынды. Мысалы, 1920 жылы Семей қаласында 100 адам окитын үш жылдық, 128 адам оқитын он айлық, 164 адам оқитын үш айлық мұғалімдік курстар жұмыс істеді. Бұған қоса қысқа мерзімді (бір айлық және екі апталық) курстар да болды. Бұл педагогикалық курстарда негізінен караңғы халықтың сауатын ашуға байланысты бастауыш мектеп мұгалімдері даярланып шығарылды. 1920 жылы бір ғана осы қысқа мерзімді курстарда 420 мұғалім даярланып, арнайы мұғалімдік куәлік алып шыкты. Бұған қоса 1920 жылдың көктемінде Семейде губерниялық ерекше педагогикалық курстар ашылды. 350 мұғалім даярланды, сонын ішінде 250 мұғалім қазақ мектептеріне жіберілді. Ал енді осы жылдың күзінде Семейде бастауыш мектептер үшін орыс және қазақ мұғалімдерін даярлайтын институг халыққа қызмет көрсете бастады. Семей және Алаш қалаларында 1923-1924 оқу жылдарында 5 бастауыш қазақ мектебі жұмыс істеген. Мысалы, №8 совет қазақ мектебінде Нұрахман Тұрганбаев меңгеруші (яғни, директор), ал мұнда Өзбекхан Оразханов, Сүлеймен Құжбаев, Елена Брадская мұғалім болып қызмет атқарған. № 10 совет қазақ мектебінің меңгеруші болып Айтмұхамет Мусин істесе, ерлі-зайыпты Абзал және Тәйба Жиенғалиевтар, С. Лакиза мұғалім болып сабақ берді. №11 совет қазақ мектебінде Ибрагим Сақатаев, Ғали Бұқараевтар бала оқытса, Кәбір Махмұдов меңгеруші болды. №12 совет қазақ мекгебінің меңгерушісі Хайролла Ибрагимов болса, ал мұнда алғашқы қазақ әйел мұғалімдері Жұмабике Ибрагимова мен Оразбибі Махмұдова сабақ берді. №13 совет қазақ мекгебінде Дүйсембай Иманқұлов меңгеруші болып қызмет атқарған. Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы қорында сақталған 1924 жылдың 15 қазанындағы Семей және Алаш қалаларындағы бастауыш және арнайы орта білім беретін оқу орындары оқытушыларының тізімінде, жалпы орыс-қазағы бар 108 адамның аты-жөні аталады. Соның ішінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, Әбікей Сәтбаев, Мәннан Тұрғанбаев, Ғалиакбар Төребаев, Хайролла Ибрагимов, Абзал Жиенғалиев, Кәбір Махмұдов, Ибрагим Сақатовтармен бірге алғашқы әйел мұғалімдер Жәмила Кәрімова, Оразбибі Махмұдова, Татьяна Зенкова, Таися Кошкина, Елена Брадская, Анфиса Ермолова, С.Лакиза, Тәйба Жиенғалиева т.б. есімдері кездеседі. [7] Пайдаланылған әдебиеттер 1. Абай энциклопедиясы. – Алматы: «Атамұра», 1995 ж., 210 бет. 2. Нұрпейісов К. Алаш һәм алашорда. – Алматы: «Ататек», 1995 ж., 70-213 беттер. 3. Абай, №11, 1918 жыл. Әуезов М. Ұлт мектебі жайында. 4. Семипалатинскии ЦДНИ. Фонд-415, опись-02, дело- 643. 5. Сарыарқа, №28, 1919 жыл. Шағын хабар. 6. Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы. 97-қор, 01-тізбе, 1І7-іс және 415-қор, 02- тізбе, 643-іс. 7. Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы. 185-қор, 01-тізбе, 04 және 07-істер.
Категория: Мои статьи | Добавил: историк (21.11.2011)
Просмотров: 3183 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 1
1 SergVof  
0
<a href=http://zmkshop.ru/>завод легких металлических конструкций</a>

Имя *:
Email *:
Код *: