Главная » Статьи » Мои статьи |
АДВОКАТ МӘРСЕКОВ
Алаш қайраткері Райымжан Мәрсеков 1899 жылы Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетінде оқып жүрген кезінде-ақ түрлі қоғамдық-саяси жұмыстарға араласып, студенттер толқуына белсене қатысады. Ол патша үкіметіне қарсы наразылығы үшін айыпталып, біраз уақыт қуғынға түседі. Міне, осы кезеңде «Дала уәлаятының газеті» беттерінде «Сайлау, hәм оның ақырғы залалы», «Қазақ билерінің тексерулері» «Бір ауылдан бір ауылға шықпақ турасында» атты публицистикалық жанрдағы мақалалары жарық көреді. Бұларда негізінен қазақ қоғамында орын алған адам құқының бұзылуы, білім беру ісінің мешеулігі, әйел теңдігінің қорғалмауы тәрізді тағы басқадай көкейкесті мәселелер қозғалады. Сонымен қатар ол ел басқару саясатына, халықтың тарихы мен әдет-ғұрпына қатысты да көптеген танымдық еңбектерін жазып, жұртшылыққа кеңінен танылады.[1] Сөйтіп, қазақ және орыс басылымдарында өз мақалаларын жиі жариялай бастайды. Р.Мәрсеков 1902 жылдан 1911 жылға дейінгі аралықта орыстың Императорлық географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің толық мүшесі болып, оның мәжілістеріне жиі қатынасып тұрады. Жалпы XX ғасыр басында осы географиялық қоғамға Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтан (1900 ж.), ғұлама ақын Шәкерім Құдайбердіұлы (1902 ж.), белгілі заңгер Жақып Ақбаев (1907 ж.), Семей қаласындағы мұсылмандар мектебінің меңгерушісі, орыстың ұлы жазушысы Лев Толстоймен хат жазысқан татар оқымыстысы Рахметолла Елкебаев (1907 ж.), көрнекті педагог-ағартушылар Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар (1908 ж.), Семей өлкелік сотының тілмашы Иманбек Тарабаев (1907 ж.), Зайсан уезінің тілмашы Жәмбек Иманқұлов (1902 ж.), тілмаш Өмірбек Оспанов, Күре болысының тұрғыны Сағындық Сандыбаев, Павлодар көпесі Ахметолла Айткин (1902 ж.), көпес Мұхамет Хамитов және Арғынғазы Абылайханов, Әбікей Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ахметолла Барлыбаев, Халел Ғаббасов, Кәрім Дүйсенбаев, Мәннан Тұрғанбаев, Жұмат Шанин сынды бір топ ұлт зиялылары мүше болған.[2] 1901 жылы болашақ адвокат Райымжан Мәрсеков «Санкт-Петербургские ведомсти» газетінің №68 санында «Киргизы и переселенцы» атты мақаласын жариялайды.[3] Бұл мақалада Семей өлкесіне қарашекпендердің қаптап келіп, жергілікті тұрғындардың құнарлы жерлер мен өзен-көлдерден, жайылымдықтардан айырылғаны, мал шаруашылығының құлдырап тоза бастағаны, ауа-райы қолайсыздығынан жұтқа ұшыраған халықтың аянышты тағдыры, ашаршылықтың төніп келе жатқаны, патша үкіметі тарапынан тез арада арнайы көмектің көрсетілуі қажет екені әңгіме болады. Бұған қоса орыстың Императорлық географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің «Записки» басылымында «По поводу статьи в киргизской степной газете», «Женщина», «Сайлау и его вредные последствия», «Киргизский народный суд» атты мақалалары да жарық көреді. Өз кезегінде олар өте маңызды әрі құнды еңбектер болып саналып, Семей бөлімшесі кітапханасының каталогына енгізіледі.[4] 1903 жылы 30 наурызда Р.Мәрсеков аталмыш географиялық қоғамның Семей бөлімшесінде өткен бір мәжілісте «О выборном начале у киргизов» деген тақырыпта баяндама жасап, сайлау барысында қазақтардың бірнеше партияларға бөлінетінін, сөйтіп ел басқаруға дау-жанжал, заңсыз жолдармен сайланатынын айтады. Сондай-ақ қазақ өлкесіндегі басқару ісіне қатысты болыстық соттар мен старшындарды сайлауда ақсақалдар сайлауы емес, тікелей қара халықтың сайлауын, төте сайлау енгізу жөнінде ұсыныстар жасайды. Райымжанның бұл ұсыныстары кезінде үлкен қызу пікірталас туғызған. 1900 жылдары университеттегі заңгерлік оқуын тәмамдаған Р.Мәрсеков Семей қаласындағы түрлі құқық қорғау мекемелерінде қызмет етіп, ел өміріндегі әлеуметтік-қоғамдық, саяси істермен айналысады. Бірінші орыс революциясы тұсында қазақ даласында жаңа пайда болған Алаш ұлт-азаттық қозғалысына қатысады. 1913 жылы Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен Орынбордан шыға бастаған «Қазақ» газетінің тұрақты авторларының бірі саналады.
Пайдаланылған әдебиеттер 1.«Дала уалаятының газеті»/Әдеби құрастырушы Ү.Суханбердина. – Алматы: «Ғылым», 1992 ж., 16-29 беттер. 2. Алаш қозғалысы./Құрастырушылар Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы, И.Нұрахмет. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2008 жыл., 141-143 беттер. 3. Марсеков Р. Киргизы и переселенцы. «Санкт-Петербургские ведомсти», за 1901 год, №68. 4. «Дала уалаятының газеті»/Әдеби құрастырушы Ү.Суханбердина. – Алматы: «Ғылым», 1992 ж., 16-29 беттер.
| |
Просмотров: 1550 | Рейтинг: 5.0/1 |
Всего комментариев: 0 | |