Вторник, 14.05.2024, 01:21
Приветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Мои статьи

ТАБИҒАТЫ ҒАНА ЕМЕС, ТАРИХЫ ДА ҚҰНДЫ
Ұлан-ғайыр Еуразия құрлығында қоныс тепкен алып Қазақстан мемлекеті өзінің жер көлемі жағынан бүкіл дүние жүзінде тоғызыншы орын алады. Әлемдік бұқаралық ақпарат көздерінің «Тоғызыншы планета» деп әспеттеуі тегін емес. Ал енді оның солтүстік-шығысында созылып жатқан Шығыс Қазақстан облысы табиғаты ерекше әсем әрі түрлі пайдалы қазбаларға бай аймақтардың бірі саналады. Жалпы облыс аумағы таулы орманды және жазық далалы болып келеді. Мұнда Алтай тау жүйесі Шыңғыстау, Архат, Абыралы, Семейтау, Қалба тау, Тарбағатай сілемдерімен жалғасып, Марқакөл, Катонқарағай көлдері, Сібе көлі, Зайсан көлі, Алакөл тәрізді суы таза шипалы, балығы мол көлдер орналасқан. Сол сияқты Бұқтырма және Шульба су қоймалары, Ертіс-Зайсан су бассейні, Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы, Катонқарағай ұлттық паркі, «Семей ормандары резерваты» атты балық және аң-құс, өсімдік қорғау шаруашылықтары жұмыс жасайды. Алтай таулы ормандары мен басқа да биік таулы әрі жазық далалы өңірлерді өте сирек кездесетін қар қабыланы, сілеусін, аю, қасқыр, бүркіт, қаршыға, түлкі, қоян және марал, бұлан, тау ешкі, архар, киік тәрізді толып жатқан аң-құстар мекен етеді. Мысалы, бір ғана Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында мың түрлі емдік шөптер мен жабайы алма, бүлдірген, мойыл, қарақат, долана, таңғурай сынды жеміс-жидектер, емен, терек, қайын (кәдімгі қайынның сексенге жуық түрі), сауырсын, қызыл қарағай, бал қарағай ағаштары өседі. Әлемдік эколог-ғалымдардың айтуына қарағанда, Семейдің қызыл қарағайлы ормандары секілді қылқан жапырақты жасыл ормандар, тек АҚШ, Канада, Қазақстан тәрізді дүние жүзінің екі-үш мемлекетінде ғана кездеседі. Шығыс Қазақстанның өзен-көлдерінде негізінен сазан, шортан, алабұға, хариус, таймень, ускуч, форель т.б. құнды балықтар өсіп-өнсе, Алтайдың атақты хош иісті балы мен емдік маралының мүйізі (пантакрин) ең сапалы тағам, емдік дәрі ретінде пайдаланып қоймай, ірі табыс көзіне айналған. «ВостокТурсервис» фирмасының көмегімен жыл сайын Тарбағатайдың шығыс сілемі Сайқан-Сауыр таулы аймағы мен Зайсан көлі жағалауындағы демалыс орындарына, сондай-ақ Катонқарағай және Марқакөл аудандарындағы марал өсіру шаруашылықтарына Франция, Бельгия, Испания, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия мемлекеттерінің бизнес өкілдері мен туристері емін-еркін демалып кетеді. Халықаралық туристік демалыс бағыттарының жұмысы да жақсы жолға қойылған. «Алтай – алтын таулар» трансшекаралық туристік маршруты Қытай, Ресей, Монғолия мемлекеттерінің таулы елді-мекендері арқылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай, Күршім аудандарының көне тарихи ескерткіштерге бай және табиғаты әсем жерлерін басып өтеді. Сөйтіп, туристік топтар әлемге әйгілі Алтайдың Береліндегі «Царская долина» деп аталатын ертедегі ғұн патшаларының қорғаны, Шіліктідегі сақ жауынгерлері қорымдарын тамашалап, түркі халықтарының баға жетпес археологиялық қазба ескерткіштерін тамашалайды. Әлем археологтарын таңқалдырған үш «Алтын киімді адамның» біреуі Алматының түбіндегі Есік қорғаны, екіншісі Батыс Қазақстан облысының Аралтөбе қорымынан табылса, ал үшіншісі Шілікті сақ жауынгерлері қорғанынан табылып отыр. Бұған қоса минералды сулары жүз түрлі ауруға шипа атақты «Рахман қайнар бұлағы», «Голубой залив», Алакөл және Барлық-Арасан секілді көптеген санаторилік-курорттық мекемелер сапалы қызмет көрсетуде.[1] Алтай тауы сонау бағзы замандарда «Ғұн тауы» болып атанған. Жалпы Шығыс Қазақстанның таңғажайып тамаша табиғаты тәрізді көнеден тамыр алатын тарихы да өте бай қызықты келеді. Алтай тауы ежелден күллі түркі халықтарының туып-өскен алтын бесігі аталса, ал ұлы Ертіс өзені Еуразия кеңістігіндегі Амудария, Сырдария секілді алып үш өзеннің бірі саналады. Өзінің қайнар бастауын сонау Монғолия мен Қытайдан алатын ағысы қаты Ертістің суы алғашында Зайсан көліне құйып, одан Қазақстанның Өскемен, Семей, Павлодар және Ресейдің Омск, Томск қалаларын, жалпы жиыны 5 үлкен қаланы қақ жарып немесе орап ағып өтіп, Солтүстік Мұзды мұхитқа барып қосылады. Ертіс атауы көне замандардан бергі тарихи дереккөздерден белгілі. Тіпті, бұл атақты өзен түркі халықтарының V-VIII ғасырлардағы «Тоныкөк» және «Күлтегін» тас ескерткіштерінде жазылып қалдырылған. Сонымен қатар XI ғасырда қазақ даласында жиһангерлік сапармен болып қайтқан араб ғалымы Аль-Идрисидің «Нузхат Ал-Муштак» кітабында Ертіс бойында қимақтардың 16 қаласы болғаны туралы деректер берілсе, ал түркі ғалымы Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрік» кітабында ертеде Ертісті түркілер Эртіш деп атап, осы алқапты қимақ, қыпшақ, оғыз сынды түркі тайпалары мекендегенін айтады. Ертіс өзені, Алакөл және оның атырабын жайлаған қазақтардың арғы ата-бабалары туралы мәліметтер XII-XIII ғасырларда Дәшті қыпшақ (ертедегі көшпенді және жартылай отырықшы үлкен тайпалық мемлекет) даласы арқылы Монғол әміршісі Шыңғыс ханға Рим папасының елшілік тапсырмасымен барып-қайтқан Батыстың ғалым-саяхатшылары Плано Карпинидің «История монголов» және Гильома де Рубруктің «Путешествие в восточные страны» еңбектерінде де көптеп кездеседі. Алтай тауы, ұлы Ертіс өзенінің атырабы, демек арғы тарихи шығу тегін атақты ғұн, түркі, сақ тайпаларынан алатын бүгінгі қазақ халқының алтын бесік, атамекені болып табылады. Алтын Орда хандығы және XY-XVII ғасырлардағы атақты Қасым, Есім, Тәуке хандар басқарған Қазақ хандығы тұсында бұл мемлекеттердің шекарасы Алтайдан Атырауға дейінгі кең байтақ даланы алып жатты.[2] Алайда XVIII ғасырда ұзаққа созылған қазақ-жоңғар соғысынан Абылай хандығы әлсіреген кезде жаулап алу мақсатында жүргізген орыс патшасының отаршылдық саясатына байланысты еліміздің шығысында әскери қамалдар пайда болып, селолар мен деревнялар саны көбейді. Мәселен, ұлы Ертіс өзені бойында 1716 жылы Омск, 1718 жылы Семипалатинск, 1720 жылы Усть-Каменогорск және Павлодар (алғашқыда Коряковская станица деп аталды) қала-бекіністері салынды. Қысқасы, көне қазақ жеріндегі Семей қаласының тарихы осылайша басталады.[3] Семей қаласы ежелден еліміздің солтүстік-шығысында орналасқан ірі мәдени-рухани орталық. Бір жағынан оны халқымыз «Ұлылар мекені» деп те орынды мақтаныш етеді. Өйткені, қасиетті Шыңғыстау өңірінде дүниеге келген қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, ғұлама ойшылы Шәкәрім Құдайбердиев, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің жемісті шығармашылық жылдары, қоғамдық-саяси қызметі тікелей Семей қаласымен тығыз байланыста өткен. Осында ұлы Абай XIX ғасырдың соңында саяси жер аударылып келген Е.П. Михаэлис, Н.И. Долгополов, С.С. Гросс, А.А. Леонтьев тәрізді орыстың демократ-ағартушыларынан дос тауып, Семей кітапханаларында Шығыстың өшпес жұлдыздары Фирдауси, Низами, Сағди, Хафиз, Омар Хаям, Жами, Науаилармен қатар Батыстың Аристотель, Сократ, Гете, Байрон, Шекспир, А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, И.А. Крылов, Л.Н. Толстой, А.П. Чехов сынды т.б. ойшылдары, ақын-жазушылары еңбектерімен танысады. Абай қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы және Гете, Пушкин, Лермонтов, Крылов т.б. өлеңдерін аударып, философиялық трактат жазған ақын. 1876 жылы Сібір аймақтарын аралап саяхат жасаған американдық жазушы-публицист Джордж Кеннан «Сибирь и ссылка» кітабында Абай Құнанбаев туралы естігенін: «Я поразился, усылышав в Семипалатинске рассказ еще одного ссыльного, юриста А. Леонтьева, об удивительном кочевнике, который не только часами просиживает в библиотеке, но и читает таких авторов, как Милль, Бокль и Дрепер» деп жазады. Сондай-ақ Семей өңірінде саяси айдауда болған поляк револционері Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласынан жазылған хаттар мен күнделіктер» кітабында Абайдың туып өскен ортасы, жалпы оның әкесі аға сұлтан Құнанбайдың керемет қасиеттері жайлы құнды деректер айтылады.[4] 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтуіне орай Лондонда Абай мұражай-үйі ашылып, Парижде халықаралық Абай күндері тойланды. Ұлы ақын есімімен байланысты қазір Семей қаласында – Абай атындағы әмбебап кітапхана, облыстық музыкалық-драма театр, республикалық әдеби-мемориалдық мұражай, ал енді туған топырағы Жидебайда – Абай және оның немере інісі ғұлама ақын, философ Шәкәрім Құдайбердиев атындағы мұражайлар, Абай-Шәкәрім кесенесі, Бөріліде – Абайды күллі әлемге танытқан кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов атындағы мұражай жұмыс істейді. Осы үш алыпты өмірге әкелген Шыңғыстау өңірінде «Еңілік-Кебек» ескерткіші, Саятқора, Қоңырәулие үңгірі және оған көршілес Аякөз жерінде сонау көне түркі заманында салынған, 1500 жылдық тарихы бар «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мазары секілді мәдени-тарихи құндылықтар жетерлік. Жалпы Семейде Абай, Шәкәрім, Мұхтарға және қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов пен оның жақын досы Ф.М. Достоевскийге арналып ескерткіштер орнатылған. Орыстың атақты жазушысы Ф.М. Достоевский атындағы мұражай да қызмет көрсетеді. 1830 жылдары салынған Тінібай мешіті, бала кезінде Абай мұсылманша оқып сауатын ашқан Ахмет Риза медресесі, Әнет баба атындағы қос мұнаралы орталық мешіт және ертеде тұрғызылған христиандардың шіркеулері тәрізді т.б. мұндай діни ғимараттар тек салыну тарихымен ғана емес, ерекше архитектуралық стилімен де көз тартып, қызықтырады. Семей қаласындағы тағы бір аса құнды тарихи ескерткіштер Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың қоғамдық-саяси қызметтерімен тығыз байланысты болып келеді. Олардың Алашорда үкіметін құрудағы еңбектері «Алаш арыстары» мұражайында жинақталып қамтылған. Бұған қоса 1918-1920 жылдардағы Азамат соғысы құрбандарына арналып «Ажал вагоны», Түйемойнақ аралында «Өлімнен де күшті» ескерткіштері қойылған.[5] Бүгінде Шығыс Қазақстан еліміздің ауыр индустриясын дамытудың флагманы болып аталады. Облыс аумағында Үлбі метеллургиялық комбинаты, Өскемен титан-магнии және алюминий заводтары, Зырян және Риддер полиметалл комбинаттары, Бақыршық, Ақжал, Бөке, Мейзек алтын өндіру рудниктері, Жезкент тау-кен комбинаты, Курчатов ұлттық ядролық орталығы мен ұлттық технологиялық парктері жұмыс істейді. Бір атап айтарлығы, осындағы Риддер қаласына 1786 жылы полиметалл кен орнын бірінші болып ашқан ағылшын инженері Филипп Риддердің есімі берілген. Жалпы, Шығыстың тұмса табиғаты ғана емес, тарихы да осындай өте бай. Салима ШАЯНБАЕВА, Семей қаласындағы ФМБ «Назарбаев. Зияткерлік мектебі» тарих пәнінің мұғалімі. Пайдаланылған әдебиеттер 1. Төлеуов С. «Марқакөл – менің мекенім», Алматы: «Интеллект», 2010. 31-38 беттер. 2. Орталық Қазақстанның жер-су аттары/Жауапты шығарушы Т.Жанұзақов. – Алматы: Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, 1989 ж., 34-40 беттер. 3. Жүнісов Д. Өзен-көл атаулары. – Алматы: «Қазақстан», 1991 ж., 65-70 беттер. 4. Абай энциклопедиясы. – Алматы: «Атамұра», 1995 ж. 5. Семипалатинску – 250 лет/Авторский коллектив: Анисимов С., Бутлер Г, Мухаметханов К. и т.д.; - Алма-Ата: издательство «Казахстан», 1968 г.
Категория: Мои статьи | Добавил: историк (21.11.2011)
Просмотров: 2217 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: