Вторник, 14.05.2024, 05:02
Приветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Мои статьи

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҮГІНГІ ЖЕТІСТІКТЕРІ
Әрине, осы 20 жылдың ішінде егеменді еліміз өз дамуында ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ересен күш-жігері, кемел ақыл, кемеңгер саясатымен бір ғасырға бергісіз жолды еңсеріп үлгерді. Бұл жол теп-тегіс тақтайдай болған жоқ. Кешегі КСРО-дай алып державаның күйреп құлағаны, оның құрамындағы барлық елдердің есін тандырып түскенін ешкім жоққа шығара алмайды. Міне, осы бір, әсіресе әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қисапсыз қиындық туғызған тұста тәуелсіздігін енді ғана жариялаған Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «тәуекел түбі – желқайық» дегендей, елдің бар құрылымын нарықтық қатынастарға бұрды. Бұл бағыт бұрынғы өмір формациясына, яғни социализм қағидасына қарама-қайшы болғанымен, дәл осы кезеңде тоқыраудан шығу үшін бұдан басқа жол да болмаған еді. Бүгінде әлем саясаткерлері еліміздің бұл даму жолын «Қазақстандық жол» деп әспеттейді. Шынында, қандай қиындық, қандай кемшілік болса да, осы бағыт өркендеуге жол ашты. Ел жаңаша күнкөріске икемделді және жаңа заманның тірлігін игеріп әкетті. Нәтижесі – Қазақстан бүгінде әлемдік қоғамдастық үшін экономикалық-инвестициялық тұрғыда қолайлы да тұрақты серіктестікке айналды. Сондай-ақ Қазақстан бейбітшілік елшісі ретінде танылған мемлекетке де айналып отыр. Өз еркімізбен ядролық қарусыз ел атанғанымыз бұл бүкіл әлемдік өркениетіне ерекше әсер еткені айқын. Әлемдік дін және конфессиялар басшыларының дәстүрлі сьезін өткізу, Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының құрылуы Қазақстанды нағыз бейбітшіл ел екенін тағы бір қырынан танытып отырғаны даусыз. Мұның бәрі Қазақстанның өз ішіндегі қоғамдық тірліктің үлгісінен туындап жатқаны белгілі. Бұл – елдегі 140 этностың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруінің шынайы белгісі болып табылады. Тәуелсіз Қазақстанның ең жарқын асуы мемлекеттің Елордасын ауыстыру жобасы болғаны сөзсіз. Бұл, енді нағыз ғасыр жаңалығы, Қазақстанның саяси-экономикалық тұрғыдағы ең батыл әрі тәуекелді шешімі болды. Елбасының өзі бас сәулетші болып Есілдің ен бойында жаңа ел орда орнығып, Сарыарқаның төсінде Астана бой көтерді. Бүгінде тәуелсіздігімізге тірек болған Астанамыз күн санап сәулеті де, дәулеті де өркендеп келеді. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстан әлемдік саясаттың да салмақты серкесіне айналып үлгерді. Бұл ретте біз бірінші кезекте Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың табиғи талантына сүйсінуіміз керек. Қандай форумда, қандай саяси шешім қабылдауда болмасын Елбасымыз көрегендік, салқынқандылық, табандылық, шешендік, меймандостық қасиеттерімен қай ортаны болса да өзіне ұйыта алумен оқ бойы алда жүр. Осындай Қазақстан мен оның басшысына берілген әлемдік форматтағы бағалаудың бағамын біз Еуропаның Қауіпсіздігі мен Ынтымақтастығы Ұйымына, яғни ОБСЕ-ге Төраға болған кезеңде, сондай-ақ ОБСЕ-нің Астана Саммитін өткізу барысында танып білдік. Ойлап қараңыз, 56 мемлекеттің басшылары мен ірі халықаралық ұйымдар өкілдерінің жетекшілерін бір арнаға тоғыстырып, бүкіләлемдік мүддені талдап, талқылаған Астана Саммиті, шын мәнінде, бүкіл Қазақстанның жұлдызды сағаты болғаны анық. Міне, осының барлығы да Елбасының кемел ақыл-парасатының арқасы екенін мойындауымыз керек. Биылғы жылдың өзі-ақ ел тарихындағы айшықты оқиғаларға толы болып отыр. Ең біріншіден, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Біз үшін, бұл – тұғырлы белес! Екіншіден, тұңғыш рет қазақ елінде Азияданың қысқы олимпиадалық ойындарын сән-салтанат, үлкен жеңістермен өткіздік. Біз үшін, бұл – байрақты жарыс! Үшіншіден, биыл тәуелсіз Қазақстан әлемнің 57 мемлекеті мүше саналатын Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етіп, бүкіл әлемдік маңызы зор осы саяси форумды абыройлы өткізді. Біз үшін, бұл – мерейлі мәртебе! Жалпы, мұндай тәуелсіз қазақ елінің, Қазақстан халқының 20 жылдық өміріндегі мәртебелі биіктер Ұлт көшбасшысының баға жетпес жанқиярлық еңбегінің арқасында қол жеткен керемет жетістіктер болып саналады. Сонымен Қазақстан тәуелсіз ел атанып, дербес мемлекет құрғанына 20 жыл болды. Тарих қойнауына өткен бұл кезеңде Қазақстан әлем аренасында үлкен беделге ие болып, іргетасы берік орнықты. Төрткүл дүние қазақтың кім екенін танып білді. Қазіргі уақытта мектепте жеке тұлғаны, әсіресе интеллектуалдық тұлғаны қалыптастыру – білім мен тәрбие берудегі ең маңызды мемлекеттік істің бірі болып отыр. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың 15 қазанында ҚазМҰУ-дің ғалым-ұстаздары және студент-жастарымен болған кездесуінде оқыған «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: Болашаққа интеллектуалдық секіріс» атты дәрісінде: «Біз дамыған елдерден озық технологияларды тартып, бірлескен өндірістер құрудамыз, инновациялық жобаларға қолдау көрсетілуде. Бірақ біз экономикасы тұрақты дамыған елдер клубына өтеміз десек, бұл жеткіліксіз. Оның сыртында аса озық технологияларын бізге ешкім де әншейін бере салмайды. Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуетін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет. Біздің ендігі міндет – қазақстандықтардың, бірінші кезекте жастардың білімділікке, интеллектіге, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастарын өзгерту», - деген еді. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан «Интеллектуалды ұлт-2020» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатқанын атап айтуымыз керек.[1] Бүгінгі таңда қазақстандық интеллектуалдық ұлтты қалыптастыруда шет елдердің атақты жоғары оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан білімді жастарға, еліміздегі зияткерлік мектептердің оқушылары мен «Назарбаев университеті» студенттеріне үлкен үлкен сенім артылуда. Осыған орай Семейдегі «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ұстаздарының қауымы алдына да оқушыларды білім ордасының қабырғасында жүргенде-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартып, болашақта солардан қоғамның интеллектуалды элитасын қалыптастыру басты міндеттердің бірі ретінде қойылып отыр. Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында «Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс. Біз университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бүгінде жаңа «Назарбаев университеті» арқауында нарық сұранысына бағдарланған жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптастырылуда. Ол барлық қазақстандық жоғары оқу орындары үшін үлгі болуы керек. Менің тапсырмам бойынша бүкіл елде ашылып жатқан 20 зияткерлік мектептер дарынды балаларды жоғары оқу орындары үшін дайындаудың негізгі арқауына айналатын болады» деп айтуы тегін емес. Ондағысы «Өнерсіз жас өрге жүзбес, кер кетер, Өнерлі жас елінің қамын ойлап ержетер» деген ұлағатты сөзді еске түсіреді. Егеменді еліміздің жарқын болашағы білімді де білікті жастардың қолында екені ақиқат. Ендеше, қазақстандық қоғамда интеллектуалдық ұлтты қалыптастыру – бүгінгі жоғары және орта білім беретін оқу орындары педагогикалық ұжымдарының, соның ішінде «Назарбаев. Зияткерлік мектебі» ұстаздарының абыройлы басты міндеті болып табылады. Салима ШАЯНБАЕВА, Семей қаласындағы ФМБ «Назарбаев. Зияткерлік мектебі» тарих пәнінің мұғалімі. Пайдаланылған әдебиеттер 1. Назарбаев Н.Ә. «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына». Егемен Қазақстан, 27 мамыр 2006 жыл. 2. «Алаш қозғалысы идеясының Еуразия кеңістігіндегі ықпалы: тарих және қазіргі кезең» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. Семей, 2008 жыл. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік универсиететі.
Категория: Мои статьи | Добавил: историк (21.11.2011)
Просмотров: 15378 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 3.0/5
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: