Вторник, 14.05.2024, 18:25
Приветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Мои статьи

«Назарбаев. Зияткерлік мектебі»: болашақ жас ғалымдарды даярлаудың аспектілері
Сөйте тұра, оған ғұлама ойшылдың өзі осы қарасөзінде «білім-ғылымға құмар, ынтық бола білу керек» деген жауабын Ұлы Абай отыз екінші қарасөзінде: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуел білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек. Оларды білмей іздегенмен табылмас» - дейді.[1] айтады. Демек, бұл – мектеп қабырғасынан бастап баланың бойында білім-ғылымға, өнерге құштарлықты қалыптастырып, оның дарын-қабілетін дамыту деген сөз. Бүгінде мектепте оқытылатын пәндердің барлығы да балалар болашағына, олардың алдағы уақытта таңдайтын мамандығына қарай бағытталуы тиіс екендігі баса айтылуда. Яғни, мақсатты білім беру ісіне ерекше назар аударылуда. Жалпы қазіргі уақытта мектепте жеке тұлғаны, әсіресе интеллектуалдық тұлғаны қалыптастыру – білім мен тәрбие берудегі ең маңызды мемлекеттік істің бірі болып отыр. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың 15 қазанында ҚазМҰУ-дің ғалым-ұстаздары және студент-жастарымен болған кездесуінде оқыған «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: Болашаққа интеллектуалдық секіріс» атты дәрісінде: «Біз дамыған елдерден озық технологияларды тартып, бірлескен өндірістер құрудамыз, инновациялық жобаларға қолдау көрсетілуде. Бірақ біз экономикасы тұрақты дамыған елдер клубына өтеміз десек, бұл жеткіліксіз. Оның сыртында аса озық технологияларын бізге ешкім де әншейін бере салмайды. Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуетін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет. Біздің ендігі міндет – қазақстандықтардың, бірінші кезекте жастардың білімділікке, интеллектіге, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастарын өзгерту», - деген еді.[2] Сондай-ақ бұл мақсатта мемлекет тарапынан «Интеллектуалды ұлт-2020» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатқанын атап айтуымыз керек. Аталмыш жобада қазақстандық интеллектуалдық ұлтты қалыптастырудың негізгі үш аспектісі: яғни, Қазақстанның білім беру жүйесінде серпіліс жасау; ғылымды дамыту және еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру; инновация жүйесін дамыту аспектілері қарастырылған болатын. Бүгінгі таңда қазақстандық интеллектуалдық ұлтты қалыптастыруда шет елдердің атақты жоғары оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан білімді жастарға, еліміздегі зияткерлік мектептердің оқушылары мен «Назарбаев университеті» студенттеріне үлкен үлкен сенім артылуда. Осыған орай Семейдегі «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ұстаздарының қауымы алдына да оқушыларды білім ордасының қабырғасында жүргенде-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартып, болашақта солардан қоғамның интеллектуалды элитасын қалыптастыру басты міндеттердің бірі ретінде қойылып отыр. Бұл мақсатта қазірдің өзінде біздің ұстаздарымыз бен дарынды оқушыларымыз Ресейдің Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Ұлыбританияның корольдік университеті тәрізді тағы басқадай әлемдік жетекші оқу орындарында болып, білімдерін кеңейтті, іс-тәжірибелер алмасты. Жалпы «Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасын жүзеге асыруда еліміздегі ғылыми-зерттеу орталықтары, жоғарғы оқу орындары мен білім беру мекемелері (зияткерлік мектептер, гимназиялар, жалпы білім беретін орта мектептер, т.б.) өзара бірлесіп тығыз жұмыс атқаруы аса қажет. Бір сөзбен айтқанда, оқушылардың ғылыми-зерттеу саласындағы тың ізденістеріне қолдау жасайтын инновациялық ортаны қалыптастырып, олардың жинақтаған жұмыс тәжірибелерін таратуды қамтамасыз ету керек. Білім мен тәрбие деген егіз ұғым. Сол себепті балаға тәрбиені өзінің жас шамасына, табиғи ұғым-жаратылысына қарай беру керек. Жас бала, ол бір енді ғана бойын тіктеп өскен жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, ержеткенде сол иілген қалпында қалады. Теріс иіліп өскен шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың. «Бала бастан» деген сөздің мәнісі осы, дейді көрнекті педагог-ақын Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты ғылыми-публицистикалық еңбегінде.[3] Баланың жастайынан білімге, соның ішінде, тарих пәніне деген құмарлығын оятып, дарын-қабілетін дамыту үшін ең алдымен оның қандай пәнге болмасын табиғи бейімділігін бастауыш сыныптан бастап қолға алу керек. Сонымен қатар сабақтың жаңа инновациялық әдіс-тәсілдердің негізінде мәнді де мағыналы өтуі әрдайым ескерілуі тиіс. Қысқасы, оқу үрдісінде компьютер, интерактивтік тақта, интернет тәрізді тағы басқадай озық ақпараттық-технологиялық жетістіктерді үнемі тиімді қолданып отыру керек. Мысалы, сабақ – мектепте оқушыларға білім мен тәрбие берудегі негізгі үрдіс болып саналады. Білім негізінен оқушыларға сабақ үстінде берілетін болғандықтан, тарих пәні сабақтарында мынадай басты талаптар орындалғаны жөн. Біріншіден, тарих пәні сабақтарында әңгіме, баяндау, пікір алысу тәрізді өзімізге бұрыннан белгілі т.б. интерактивті оқыту әдіс-тәсілдерімен бірге карта, диаграммалық сызбалар, кестелер сынды түрлі көрнекі құралдарды, тарихи көркем әдебиетті, мұрағаттар мен мұражайлардағы тарихи құжаттардың көшірмелерін, мерзімдік баспасөз материалдарын шебер пайдалана білу қажет. Екіншіден, оқушылардың білім-ғылымға құштарлығын оятып, дарын-қабілетін дамыту үшін олардың белгілі бір тақырыпты бекітіп алып, шығармашылықпен жұмыс істеуін ұйымдастыру керек. Жалпы баланы ғылыми ізденіске баулу, әрине, жас ерекшелігіне қарай айқындалып берілуі тиіс. Жоғары сынып оқушыларына кәдімгі зерттеуші ғалымға қойылатындай биік талаптар қойылғаны дұрыс. Сонда ғана оқушылар өздерін нағыз зерттеуші ғалымдардай сезінеді, яғни жауапкершілік күшейеді. Әсіресе, оқушының тарихи деректерді ой елегінен өткізіп, өзінше тұжырым-қорытынды жасап, баға беруін дамытып отырған жөн. Сөйтіп, болашақ жас ғалымның бойында мектеп қабырғасында жүргенде-ақ үлкен білім-ғылымға деген терең ой-таным, зерделі түсінік, батыл да шынайы көзқарас қалыптасады. Ең бастысы бұл оның өзіндік дарын-қабілетін дамытуына түрткі болады. Болашақ жас ғалымды тәрбиелеп, шыңдауда – тарих апталықтары мен мектепішілік конференциялардан бастап түрлі деңгейде өткізілетін (қалалық, облыстық, республикалық) білім олимпиадалары мен студент-жастардың ғылыми-зерттеу конференцияларының атқарар ролі өте құнды. Себебі, мұндай алқалы жиындарда ізденуші жастарға (жоғары сынып оқушыларына) айтылатын тарихшы ұстаздар мен ғалымдардың өткір сын-пікірлері, салмақты да салиқалы ұсыныстары, тіпті ақжолтай игі тілектері болсын, бәрі-бәрі оларға үлкен рухани күш береді. Нәтижесінде, кемшіліктерін түзеп, қателіктерін жөндеуге ұмтылады. Әдетте әрбір зерттеуші оқушы ізденгенде, ішінара зерттеу жұмыстарын жүргізгенде, тарихи құжаттармен жұмыс жасағанда мынадай жайлар ескеріліп, нақты талаптар қойылады. 1. Тарихи тақырыпты меңгеріп зерттей алуы. 2. Мұражай мен мұрағат құжаттарын тиімді пайдаланып, тиісті тұжырым-талдаулар жасауы. 3. Тарихи деректерге сын көзбен қарап, ақиқатына көз жеткізуі. 4. Мерзімдік баспасөздегі деректерді тарихи фактілермен салыстыра отырып, бағалау, пікір білдіру және т.б.[4] Қорыта келгенде, әрбір ұстаз өз сабағында оқытудың жаңа инновациялық әдіс-тәсілдеріне сүйеніп, өз сабағын неғұрлым мағыналы өткізсе, мектеп қабырғасынан бастап жеке тұлғаның ғылыми зерттеушілік қабілетін қалыптастыра аламыз. Мысалы, сабақтың сапалы өтіп, мақсатына жетуі мұғалім мен оқушылардың оқу үрдісіндегі қатым-қатынасына тікелей байланысты. Жалпы өзі оқытатын пәнге барлық оқушыны белсенді түрде қатыстырып, оқу бағдарламасына сай білім беру – мұғалімнің басты міндеті. Ұстаз бұл міндетті жүзеге асыру үшін сабақтың алғашқы сәтінен бастап соңына дейін барлық оқушының тиянақты білім алуын қамтамасыз етуі тиіс. Әрине, бұл оңай міндет емес. Мұны орындау үшін мұғалім өз оқушыларының бойына мынадай сапалық қасиеттерді: атап айтқанда тарих пәнін оқып-үйренуге деген қызығушылық пен ынтаны, жаңа сабақтың материалдарын меңгеру үстіндегі таным-түсінікті, ой-тұжырымдарды, үй тапсырмасын орындау, қосымша материалдармен жұмыс жүргізудегі ұқыптылық пен жауапкершілікті қалыптастырып, сіңіру керек. Бұл сапалық қасиеттер қалыптаспаған жеке тұлғада тарих пәнінен тиянақты білім алып шығуы екіталай нәрсе. Ең бастысы оқушыда тарих пәнін оқып-үйренуге қажетті іскерлік дағдылар мен шеберліктер қалыптаспаса, бір сөзбен айтқанда пәнді меңгеру тәсілдерін білмесе, онда сапалы білім болуы мүмкін емес. Өйткені, оқушы мұндай жағдайда өз бетінше пәнді оқып, еңбектеніп, ойланып барып меңгермей, тек мұғалімнің айтқанымен шектеліп, дайын білімді тыңдаушы ролін ғана атқарып қалады. Әрбір оқушы тарих пәнін оқып-үйренудің қоғам үшін де, өзінің жеке басы үшін де қажет екенін түсінуі тиіс. Әсіресе, оларға бұл пәннің бүкіл адамзат баласы бастан кешкен ата тарихты баяндап таныстыратын, әлемдік өркениетке қарай батыл қадам басып даму үшін, бүгінгіні ой таразысынан өткізіп, болашақты бағамдау үшін аса қажет білім-ғылым екенін ерекше ескерткен абзал. Қазіргі таңда өркениетті қоғамның басты байлығы тек түрлі қазба байлықтарында ғана емес, адам капиталында болып тұрғанын әлемдегі дамыған елдердің іс-тәжірибесі көрсетіп беруде. Мұның өзі «адами капиталға айтарлықтай инвестициялар салмайынша ешқандай экономика табысты дами алмайды» дегенді аңғартады. Кезінде ағылшынның көрнекті мемлекет қайраткері, саясаткер Уинстон Черчиль «ақыл империясы болашақ империясы болмақ» деп айтқан екен. Бүгінде оған Сингапур, Малайзия, Гонконг тәрізді т.б. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің экономикалық даму үлгісі арқылы көзіміз жетуде. Олай болса, қазір дүниежүзі елдері де әлемдік нарықтағы жаңа экономикалық дамудың Қазақстандық жолын танып, мойындап отырғанын мақтаныш етуіміз керек. Мысалы, басқа саланы айтпағанда, бір ғана білім-ғылым саласында қаншама келелі істер атқарылуда. Соның бір жарқын айғағы – соңғы бес жылда қазақстандық ғылымды қаржыландыру төрт есеге жуық өсіп, үстіміздегі жылы 18,5 млрд теңгені құраған. Сонымен бірге ғылымды дамытудың 20012 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы да іске асырылуда. Осының арқасында қазір Қазақстан әлемдік бәсекелестік рейтингінің «Инновациялық даму» индексі бойынша 13-ші орынға көтерілді. Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында «Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс. Біз университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бүгінде жаңа «Назарбаев университеті» арқауында нарық сұранысына бағдарланған жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптастырылуда. Ол барлық қазақстандық жоғары оқу орындары үшін үлгі болуы керек. Менің тапсырмам бойынша бүкіл елде ашылып жатқан 20 зияткерлік мектептер дарынды балаларды жоғары оқу орындары үшін дайындаудың негізгі арқауына айналатын болады» деп айтуы тегін емес.[5] Ондағысы «Өнерсіз жас өрге жүзбес, кер кетер, Өнерлі жас елінің қамын ойлап ержетер» деген ұлағатты сөзді еске түсіреді. Егеменді еліміздің жарқын болашағы білімді де білікті жастардың қолында екені ақиқат. Жалпы қазіргідей жаhандану заманында ин­тел­лек­­туалды ұлт қалыптастыру, Мемлекет басшысы нұсқа­ған­дай, қатал бәсекеге қабілетті ма­ман­дарды даярлауға ғана қатыс­ты емес, оларды ел экономи­касын алға тартатын күш ретінде ор­нықтыруға да байланысты болып келетіні белгілі. Сондықтан да отандық білім жүйесі өз қыз­метін «Білім беруге салынған бүгінгі инвестиция - мемлекеттің ертеңіне жасалған қамқорлық» деген қағидатқа сүйене отырып жүзеге асыруы керек. Бұл келелі міндеттер жастардың дүниетанымын өзгер­тіп, олардың жаңаша ойлау қабі­летін арттыруға, білімге деген құштарлығын оятуға, отан­сүй­гіштік қасиетін одан әрі дамытуға бағытталып отыр. Елбасының бағдарламалық еңбектерінде көр­сетілгендей, білім жүйесін инно­вациялық техно­логия­лар­мен жаб­дықтау, білімнің халық­аралық стандартын меңгеру, сапалы білім беруге қол жеткізу, қоғам сұ­ранысына жауап беретін білікті маман даярлау отандық білім сая­сатының негізгі ұстанымын ай­қындайды. Ендеше, қазақстандық қоғамда интеллектуалдық ұлтты қалыптастыру – бүгінгі жоғары және орта білім беретін оқу орындары педагогикалық ұжымдарының, соның ішінде «Назарбаев. Зияткерлік мектебі» ұстаздарының абыройлы басты міндеті болып табылады. Пайдаланған әдебиеттер 1. Абай Құнанбаев шығармалары. Алматы, 1995 ж. 2. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: Болашаққа интеллектуалдық секіріс». Ана тілі, 2009 жыл 15 қазан. 3. Жұмабаев М. Педагогика. Алматы, 1990 ж. 4. Галихина Н.Г. Критериальное оценивание на уроках истории как один из способов обьективной знаний учащихся. Журнал «История», №2(20)-2010 г. 5. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2011 жылдың 2 ақпанындағы Қазақстан халқына Жолдауы.
Категория: Мои статьи | Добавил: историк (21.11.2011)
Просмотров: 3037 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 1
1 Айка  
0
Өте қызықты статья, рахмет, Өзім үшін көптеген жаналықтар аштым!)

Имя *:
Email *:
Код *: